Ұлытау облысында тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелері түсіндірілді

2026 жылғы 27 қарашада Ұлытау облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінде «Тұтынушы, өз құқығыңды біл!» тақырыбында брифинг өтті.

Брифинг спикері – Ұлытау облысы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Даулетбаев Жасулан Айтуганович.

Іс-шара барысында тұтынушылардың құқықтарын қорғау, тауарларды сатып алу және қызметтерді пайдалану кезінде туындайтын өзекті мәселелер, сондай-ақ азаматтардың заңды мүдделерін қамтамасыз ету жолдары түсіндірілді.

Спикер тұтынушылардың тауар мен қызмет туралы толық әрі шынайы ақпарат алуға, тиісті сападағы өнімді сатып алуға, қауіпсіздік талаптарының сақталуын талап етуге және өз құқықтарын заңды тәртіппен қорғауға құқылы екенін атап өтті.

Сонымен қатар брифингте жеңілдікпен және акция арқылы сатып алынған тауарларды қайтару немесе айырбастау тәртібі кеңінен қарастырылды. Тұтынушылар заңнамада белгіленген талаптарды сақтаған жағдайда тиісті сападағы азық-түлікке жатпайтын тауарды 14 күн ішінде айырбастауға немесе қайтаруға құқылы екені айтылды. Бұл ретте заңда көзделген ерекшеліктер ескеріледі.

Брифинг барысында сыйлық сертификаттарын сатып алу және қайтару мәселесіне де назар аударылды. Спикер пайдаланылмаған сертификат үшін төленген қаражатты қайтару, сертификаттың жарамдылық мерзіміне қатысты талаптар және сатушының міндеттері жөнінде түсініктеме берді.

Сондай-ақ сапасыз тауар сатып алған немесе қызмет тиісті деңгейде көрсетілмеген жағдайда тұтынушының қандай талаптар қоюға құқылы екені түсіндірілді. Азаматтарға сатып алу фактісін растайтын кассалық және тауарлық чектерді, түбіртектерді, кепілдік талондарын және өзге де құжаттарды сақтаудың маңыздылығы ескертілді.

Спикердің айтуынша, тұтынушылардың құқықтарын қорғаудың маңызды тетіктерінің бірі – өз құқықтарын білу және оларды заң аясында талап ете білу. Егер сатушы немесе қызмет көрсетуші тұтынушының заңды талаптарын орындаудан бас тартса, азаматтар алдымен жазбаша наразылық жолдап, мәселе шешілмеген жағдайда уәкілетті органдарға немесе сотқа жүгіне алады.

Брифинг қорытындысында тұрғындарға тауарлар мен қызметтерді сатып алу кезінде мұқият болу, шарт талаптарымен танысу және өз құқықтарын қорғау мәселелеріне жауапкершілікпен қарау ұсынылды.

Тұтынушының құқығы – заңмен қорғалған. Өз құқықтарыңызды біліп, оларды қорғаудан тартынбаңыз!

—
13:13
12

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020