​Ұлытау облысында мобильді аударымдарды бақылау тәртібіндегі өзгерістер түсіндірілді

2026 жылғы 25 қарашада Ұлытау облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінде «Мобильді аударымдар бойынша өзгерістер» тақырыбында брифинг өтті.

Брифинг спикері – Ұлытау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің Өндірістік емес төлемдер басқармасының басшысы Асыл Абаевич Альсеитов. Ол 2026 жылғы қарашадан бастап күшіне енген мобильді аударымдарға қатысты бақылау тәртібіндегі өзгерістерді түсіндіріп, азаматтар мен кәсіпкерлер үшін маңызды мәселелерге тоқталды.

Спикердің айтуынша, енгізілген өзгерістерге сәйкес банктердің мемлекеттік кірістер органдарына мобильді аударымдар туралы мәлімет беруіне негіз болатын шекті сома 360 айлық есептік көрсеткішке (АЕК) дейін ұлғайтылды. 2026 жылы бұл көрсеткіш 1 557 000 теңгені құрайды. Бұған дейін шекті сома ең төменгі жалақының 12 еселенген мөлшеріне, яғни 1 020 000 теңгеге тең болған.

Банктер қандай жағдайда мәлімет береді?

А. Альсеитовтың түсіндіруінше, банктердің мемлекеттік кірістер органдарына мәлімет жолдауы үшін үш талап бір мезгілде орындалуы қажет.

Біріншіден, қаражат азаматтың кәсіпкерлік қызметке арналмаған бір немесе бірнеше жеке банктік шотына түсуі керек. Екіншіден, қатарынан үш күнтізбелік айдың әрқайсысында азаматқа кемінде 100 түрлі жеке тұлғадан ақша аударылуы тиіс. Үшіншіден, осы үш ай ішінде түскен қаражаттың жалпы сомасы 1 557 000 теңгеден асуы қажет.

Бұл ретте бір адамның бір ай ішінде бірнеше рет аударым жасауы жіберушілер санын есептеу кезінде бір тұлға ретінде қарастырылады. Аталған талаптардың бірі орындалмаған жағдайда, осы өлшемдер бойынша банк мәлімет беруге негіз қалыптаспайды.

Жеке аударымдар мен кәсіпкерлік табыстың ара-жігі

Брифинг барысында азаматтардың жеке мақсаттағы аударымдарына қатысты мәселелерге де ерекше назар аударылды.

Атап айтқанда, туыстар мен таныстар арасындағы ақша аударымдары, қарызды қайтару, ортақ шығындарға қаражат жинау өздігінен кәсіпкерлік табыс болып саналмайды. Мысалы, ата-аналардың біреуі балалардың экскурсия ақысын алдын ала төлеп, кейін басқа ата-аналардан өз үлестерін қабылдаса, мұндай қаражат ортақ шығындарды өтеуге бағытталған аударым ретінде қарастырылады.

Сонымен қатар спикер жеке банк картасын тұрақты түрде тауар сату немесе ақылы қызмет көрсету мақсатында пайдаланатын азаматтарға қатысты маңызды ескерту жасады.

Мобильді аударымдар бойынша белгіленген 1 557 000 теңге шегі кәсіпкерлік қызметтен түскен табысты салықтан босатпайды. Яғни азамат жүйелі түрде тауар сатып, қызмет көрсетіп, одан табыс алатын болса, оның салықтық міндеттемелері қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес айқындалады. Банктердің мәлімет беру шегі мен кәсіпкерлік табысқа қатысты салық міндеттемелері – екі бөлек мәселе.

Мемлекеттік кірістер органынан хабарлама алған жағдайда не істеу керек?

Брифингте азаматтардың мемлекеттік кірістер органдарынан хабарлама алған кездегі әрекеттеріне де түсініктеме берілді.

Қазақстан Республикасы Салық кодексінің 93-бабына сәйкес, азаматқа кәсіпкерлік табыс алу белгілерінің анықталғаны туралы ақпараттық хабарлама жіберілуі мүмкін. Мұндай жағдайда азаматқа хабарламамен танысу жеткілікті, оған жауап беру міндетті емес.

Ал камералдық бақылау нәтижесінде салық есептілігіндегі алшақтықтар анықталған жағдайда, Салық кодексінің 137-бабына сәйкес тиісті хабарлама жолданады. Оны орындау мерзімі – 30 жұмыс күні. Егер азамат анықталған алшақтықтармен келіссе, тиісті салық есептілігін ұсынуы қажет. Келіспеген жағдайда, қаражаттың түсу мақсатын растайтын түсініктеме мен тиісті мәліметтерді ұсына алады.

Сонымен қатар банктің мобильді аударымдар туралы мәлімет беру фактісінің өзі азаматқа автоматты түрде салық есептеуге немесе оның банк шоты бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұруға негіз болмайтыны атап өтілді.

Брифинг қорытындысында мобильді аударымдарға қатысты жаңа талаптардың негізгі мақсаты – жеке тұлғалардың тұрмыстық сипаттағы ақша аударымдарын кәсіпкерлік қызметтен түсетін табыстан ажырату екені түсіндірілді.

Мамандар азаматтарға жеке және кәсіпкерлік мақсаттағы қаржы операцияларын ажыратып, банк шоттарын пайдалану кезінде қолданыстағы заңнама талаптарын ескеруге кеңес береді.

—
17:08
13

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020