«Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» ҚР Заңының басым бағыттары мен жаңашылдықтары

Ұлытау облысы әкімі аппаратының әдеп жөніндегі уәкілі Жаңагүл Шайманқызы Еділбаева: «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының басым бағыттары мен жаңашылдықтары

2026 жылдың 1 шілдесінен бастап Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Заңы (әрі қарай – Заң) қолданысқа енген болатын. Осы жаңа заңның мақсаты мен басым бағыттары, енген жаңашылдықтары бойынша Ұлытау облысы әкімі аппаратының әдеп жөніндегі уәкілі Жаңагүл Шайманқызы Еділбаевамен сұхбаттасқан едік.

Жаңагүл Шайманқызы, Заңның негізгі басым бағыттарына тоқтала кетсеңіз.

1. Мемлекеттік аппараттың кәсібилігін арттыру

Мемлекеттік қызметшілердің біліміне, кәсіби құзыреттеріне, қабілетіне және жұмыс нәтижелеріне басымдық беріледі. Кадрларды іріктеу мен қызметтік өсу кезінде біліктілік пен нақты нәтижелерді ескеру көзделеді. Яғни қызметке кіру, жоғарылату және кадр резервімен жұмыс жасауды әділдікті, ашықтықты және кәсібилікті (меритократия қағидатын) қамтамасыз ету. Біліктілік пен еңбек нәтижесін ынталандыру мақсатында Бір лауазым шеңберінде көлденеңінен кәсіби өсу тетігі көзделеді.

2. Кадрлық процестерді цифрландыру

Мемлекеттік қызметке іріктеу мен кадрларды басқаруда цифрлық құралдарды пайдалану кеңейеді. «Е-қызмет» жүйесі арқылы кадрлық рәсімдердің ашықтығын арттыру, үміткерлерді іріктеуді оңтайландыру және адами факторды азайту көзделеді. Яғни, мемлекеттік қызмет көрсету мен кадрлық процестерді толық цифрлық форматқа көшіру және цифрлық базаларды дамыту.

3. Жастарды мемлекеттік қызметке ерте даярлау

Мемлекеттік қызметке кіруге дайындық тетіктері енгізіледі. Ерте кәсіптік бағдарлау арқылы жастардың басқарушылық дағдыларын, құқықтық мәдениетін, кәсіби құзыреттерін және қызметтік әдеп қағидаларын қалыптастыруға көңіл бөлінеді. Жас мамандарды мемлекеттік қызметке тарту мақсатында GPA көрсеткіші кемінде 3,33 болатын түлектерге белгілі бір төменгі лауазымдарға конкурстан тыс орналасу мүмкіндігі беріледі

4. Азаматқа бағдарланған мемлекеттік қызмет

Азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, өтініштерге сапалы жауап беру және мемлекеттік қызметтерді қолжетімді ету маңызды міндеттер ретінде айқындалады. Мемлекеттік органның жұмысы тек рәсімдерді орындаумен емес, азаматтарға көрсететін нақты пайдасымен де өлшенуге тиіс. Яғни, Мемлекеттік аппаратты халыққа бағдарланған, азаматтармен ашық әрі тиімді өзара іс-қимыл жасайтын сервистік модельге ауыстыру.

5. Қызметтік әдеп пен жауапкершілікті күшейту

Заңдылықты сақтау, адал қызмет ету, қызметтік әдеп нормаларын орындау және тәртіптік жауапкершілік мәселелеріне назар аударылады. Бұл мемлекеттік органдардағы құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған. Яғни, мемлекеттік қызметшінің мінез-құлқына, заңдылықты сақтауына және қоғам алдындағы жауапкершілігіне қойылатын талаптарды күшейту.

6. Әлеуметтік қолдау және кепілдіктер: Мемлекеттік қызметшілерді әлеуметтік қорғауды күшейту, атап айтқанда, артық жұмыс уақыты (переработка) үшін төлем жасау сияқты құқықтық нормаларды енгізу. Қызметшілердің еңбек құқықтарын қорғау мақсатында жұмыс уақыты, үстеме жұмыс үшін өтемақы және қосымша демалыс мәселелері реттеледі. Мемлекеттік қызметтің тартымдылығын арттыру мақсатында Тұрғын үйге байланысты қолдау, жалақыны кезеңдік (3 жылда бір рет) арттыру және еңбек өтіліне қатысты кепілдіктер қарастырылған.

Бұл құқықтардың нақты қолданылуы заңның тиісті баптарына, қызметшінің санатына және іске асыру тәртібіне байланысты.

Жаңагүл Шайманқызы, қолданыстағы Заңның нәтижелілігі тек жаңа нормалардың қабылдануымен ғана емес, олардың тәжірибеде орындалуымен өлшенеді, сондықтан қандай негізгі көрсеткіштерге назар аудару керек деп ойлайсыз?

Мемлекеттік қызметке орналасу рәсімдерінің ұзақтығына, конкурстардың ашықтығы мен қолжетімділігіне, мемлекеттік органдардағы білікті кадрлардың санына, мемлекеттік қызметкерлердің кәсіби даярлығы мен тұрақтылығына, азаматтардың өтініштерін қарау сапасы мен қанағаттану деңгейіне, қызметтік әдеп бұзушылықтары мен тәртіптік жауапкершілік көрсеткіштеріне назар аудару қажет.

Мемлекеттік қызметтің кәсіби деңгейін арттыру бойынша қандай тетіктер қарастырылған?

  • 1.Кәсіби оқыту және біліктілікті арттыру тетіктері;
  • 2.Қызмет нәтижелерін бағалау (оқыту, көтермелеу, ротация, бонус төлеу, және қызметтік өсуге қатысты шешімдер қабылдау) жүйесін жетілдіру;
  • 3.Құзіреттерді кешенді бағалау (кәсіби құзіретті бағалау мемлекеттік қызметшілердің білімі, дағдыларын және кәсіби даму қажеттіліктерін анықтау). Заңның 35 бабында көзделген жекелеген тетіктер 2027 жылғы 1 қаңтардан 2029 жылғы 1 қаңтарға дейін ҚР Президенті айқындайтын мемлекеттік органдарда пилоттық режимде іске асырылады;
  • 4. Қызметтік ілгерілеу кезінде қызметшінің біліктілігі, құзіреті, қабілеттері, сіңірген еңбегі және өзінің қызметтік міндеттерін адал атқаруы ескеріледі. Кәсіби дамуды ынталандыру үшін көлденең мансаптық өсу мен лауазымдық деңгейлерді өзгерту тетіктері қарастырылған. Олардың жекелеген ережелері кезең-кезеңімен енгізіледі;
  • 5.Жас мамандарды даярлау (ерте кәсіптік бағдарлау және даярлау жүйесі) енгізіледі;
  • 6.Практикалық тағылымдамадан (кемінде 3 жылда бір рет) өту, Заңда және уәкілетті орган белгілеген тәртіпте көзделген ерекшеліктерді қоспағанда.

Бұл шаралар мемлекеттік қызметшілердің кәсіби әлеуетін дамытуға және мемлекеттік аппарат жұмысының сапасын арттыруға бағытталған.

Жаңагүл Шайманқызы, қолданыстағы аталған Заңның ішінде өзіңіз астын сызып айтатын, мемлекеттік қызметшілер ерекше көңіл бөлуді қажет ететін бөліктері болса тоқталып өтсеңіз.

Ия, ерекше назар аударуды қажет ететін бір-екі талаптарға тоқтала кеткім келеді.

Заңның 14 бабы 8 тармағына сәйкес, «Мемлекеттік қызметші, сондай-ақ мемлекеттік лауазымда көзделген міндеттерді уақытша атқаратын адам мемлекеттік лауазымға кіріскен күннен бастап күнтізбелік отыз күн ішінде өзін құмар ойындарға және (немесе) бәс тігуге қатысудан «Ойын бизнесі туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген тәртіппен өз бетінше шектеуге міндетті».

Сонымен қатар, Мемлекеттік қызметке кір келтіретін теріс қылықтарға Заңның 62-бабы 2-тармағына сәйкес, лауазымдық өкілеттіктерді атқарумен байланысты емес, бірақ мемлекеттік қызметтің қадірі мен беделіне нұқсан келтіретін әрекеттер де жатады, атап айтқанда:

1) есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді, прекурсорларды медициналық емес мақсатта тұтыну;

2) көлік құралын алкогольдік және (немесе) есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде басқару мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылықтар болады.

Мемлекеттік қызметшінің аталған тәртіптік теріс қылықтың қайсыбірін жасауы атқаратын мемлекеттік лауазымынан шығаруға , сайланған мемлекеттік қызметшіні атқаратын лауазымына сай емес деп тануға алып келеді.

Сол себепті мемлекеттік қызмет өте үлкен жауапкершілікті, кәсібилікті, әділеттілікті, адалдықты, қажет ететін қызмет деп есептеймін. Сөзімнің соңында мемлекеттік қызметшілердің қызметтеріне сәттілік пен жоғары табыс, отбастарына амандық, дендеріне саулық тілеймін! Ел мүддесіне адал қызмет етіп, еліміздің жарқын болашағына үлес қоса беріңіздер дегім келеді.

Жаңагүл Шайманқызы! Тағылымды сұхбатыңыз үшін Сізге редакция атынан алғысымызды білдіреміз! Қызметіңізге сәттілік тілейміз!

Сұхбаттасқан Досан Дулығалы.

—
10:53
18

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020