​Ұлытауда жыл басынан бері тұтынушыларға 57 млн теңгеден астам қаражат қайтарылды

Ұлытау облысында сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласында 2026 жылдың басынан бері бірқатар жұмыс атқарылды. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Ұлытау облысы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Жасулан Айтуганович Даулетбаев мәлімдеді.

Департаменттің мәліметінше, жыл басынан бері облыс бойынша 155 сауда субъектісі әкімшілік жауапкершілікке тартылып , оларға жалпы сомасы 5,7 млн теңгеден астам айыппұл салынған.

Анықталған заңбұзушылықтардың негізгі бөлігі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына белгіленген сауда үстемесін негізсіз арттыруға қатысты. Мұндай 100 факт тіркелген. Сонымен қатар 53 жағдайда баға көрсеткіштерінің сәйкес келмеуі, 2 сауда базарында белгіленген талаптардың сақталмауы анықталған.

Сауда үстемесін арттыру бойынша ең көп факті Жезқазған және Сәтбаев қалаларында тіркелді. Департамент кәсіпкерлер арасында заң талаптарын түсіндіру және құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытындағы жұмыстарды да тұрақты жүргізіп келеді.

Тұтынушылардың құқықтарын қорғау бағыты бойынша 2026 жылдың басынан бері Департаментке азаматтардан 302 өтініш түскен. Өтініштердің басым бөлігі тұрмыстық және сервистік қызметтерге, байланыс пен интернетке, тұрғын үй-коммуналдық қызметтерге, сондай-ақ электрондық және бөлшек саудаға қатысты.

Жыл басынан бері 24 жоспардан тыс тексеру жүргізіліп, нәтижесінде 16 әкімшілік айыппұл және 2 ескерту қолданылған. Бюджетке 994 750 теңге өндірілді.

Тұтынушылардың құқықтарын қалпына келтіру бойынша жүргізілген жұмыстар нәтижесінде азаматтарға 57 043 103 теңге қайтарылды.

Сонымен қатар «Сапалы өнім» қоғамдық қозғалысы аясында ішкі нарықтағы тауарларға мониторинг жүргізілуде. 2026 жылдың қаңтар айынан бері 99 өнім зерттеліп, оның 91-інің техникалық регламент талаптарына сәйкес келмейтіні анықталған . Тиісті материалдар санитариялық-эпидемиологиялық бақылау органына жолданды.

Департамент өкілдерінің айтуынша, алдағы кезеңде де сауда саласындағы заң талаптарының сақталуын қамтамасыз ету, азық-түлік бағаларына мониторинг жүргізу, тұтынушылардың құқықтарын қорғау және халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру жұмыстары жалғасады.

—
20:34
16

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020