2026 жылғы 25 қыркүйек – Қазақстан Республикасындағы Жалпыұлттық аза тұту күні

​ҰЛЫТАУ ОБЛЫСЫНДА «ҰЛЫТАУ – МЕЙІРІМІ» ИНКЛЮЗИВТІ ФЕСТИВАЛІ ӨТТІ

Ұлытау облысы Жезқазған қаласында «Ұлытау — Мейірімі» облыстық инклюзивті фестивалі өтті. Ауқымды шараға Ұлытау облысының қалалары мен аудандарынан ерекше білім беру қажеттіліктері бар 150 бала мен жасөсіпірім қатысты. Фестиваль Ұлытау облыстық қоғамдық даму басқармасының мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы аясында «Әділет» партиясы Ұлытау облыстық филиалының қолдауымен ұйымдастырылды.

Фестивальдің басты мақсаты — ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар мен жастарға тең мүмкіндіктер жасау, олардың спорттық және шығармашылық әлеуетін ашу, әлеуметтік белсенділігін арттыру және инклюзивті қоғамды дамытуға үлес қосу.

Фестивальге «Әділет» партиясы Ұлытау облыстық филиалының төрағасы Ақжол Құрмансейіт, Ұлытау облыстық Балалардың құқықтарын қорғау басқармасының басшысы Зина Ақылбекова, «Ұлытау-Мейірімі» қоғамдық қорының директоры Гүлжиһан Әбдіғалиева, «Әділет» партиясы филиалы жанындағы Әйелдер қанатының инклюзия бағыты бойынша үйлестірушісі Жанна Болатбекова қатысты.

Іс-шараға Жезқазған, Сәтбаев, Қаражал қалалары мен Жаңаарқа және Ұлытау аудандарының командалары қатысты. Екінші рет өткізіліп жатқан фестиваль қатысушыларға жаңа таныстық орнатып, тәжірибе алмасуға, өз қабілеттерін көрсетуге және достық қарым-қатынасты нығайтуға мүмкіндік беретін ортақ алаңға айналды.

Фестивальдің алғашқы күні — Спорт күніне арналды. Шара Жезқазған қаласындағы «Жігер» спорт кешенінде өтті. Бағдарлама қатысушылардың салтанатты шеруі мен фестивальдің ресми ашылу рәсімінен басталды. Қатысушылар эстафеталық жарыстар, үстел теннисі, тоғызқұмалақ, асық ату және басқа да спорт түрлері бойынша өзара бақ сынасты.

«Бүгінгі фестиваль — балалардың мүмкіндігіне шектеу емес, керісінше олардың қабілетін көрсетуге жол ашатын маңызды алаң. Әр бала өзін қоғамның толыққанды мүшесі ретінде сезінуі керек. Партия осындай бастамаларды қолдай отырып, балалардың спортқа, шығармашылыққа және қоғамдық өмірге белсенді араласуына жағдай жасауға үлес қосады. Ең бастысы — балалардың жүзінен қуаныш көріп, олардың өзіне деген сенімінің артқанын байқадық», — деді «Әділет» партиясы Ұлытау облыстық филиалының төрағасы Ақжол Құрмансейіт.

Фестивальдің екінші күні қатысушылар үшін шығармашылық бағыттағы іс-шаралар ұйымдастырылып, өнер мен шығармашылық қабілеттерін танытуға мүмкіндік берді.

—
15:58
17

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020