Әділет саласындағы цифрлық жаңашылдықтар азаматтардың құқықтарын қорғауға бағытталған

Ұлытау облысы, 21 тамыз 2026 жыл. Ұлытау облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінде «Әділет саласындағы өзекті жаңашылдықтар: цифрландыру, құқықтық сервистер және зияткерлік меншікті қорғау» тақырыбында брифинг өтті. Іс-шараға Ұлытау облысы Әділет департаменті басшысы Азамат Абдукаримович Айнабеков спикер ретінде қатысты.
Брифинг барысында әділет саласындағы құқықтық қызметтерді цифрландыру, азаматтардың құқықтарын қорғау тетіктерін жетілдіру, атқарушылық іс жүргізудің ашықтығын арттыру, нотариаттық қызметтерді жаңғырту, сондай-ақ зияткерлік меншікті қорғау бағытындағы жаңа өзгерістер таныстырылды.
Спикердің айтуынша, қазіргі кезеңдегі негізгі міндеттердің бірі – мемлекет пен азамат арасындағы өзара іс-қимылды заманауи цифрлық форматқа көшіру және құқықтық қызметтердің қолжетімділігі мен тиімділігін арттыру.
Атқарушылық жазба бойынша цифрлық сервистер жетілдірілуде
Брифингте нотариустар жасайтын атқарушылық жазбаға қатысты азаматтардың құқықтарын қорғау мәселесіне ерекше назар аударылды.
2025 жылғы наурыздан бастап eGovMobile платформасында атқарушылық жазба бойынша цифрлық шешімдер іске қосылған. Азаматтарға атқарушылық жазба туралы хабарлама алу, берешекті мойындау немесе оған қарсылық білдіру мүмкіндігі онлайн режимде ұсынылды.
2025 жылғы наурыздан бастап 2,5 миллионнан астам атқарушылық жазба жасалып, оның шамамен 700 мыңына онлайн режимде қарсылық берілген.
Аталған тәжірибе атқарушылық рәсімдердегі азаматтардың құқықтарын қорғаудың қосымша тетіктерін енгізу қажеттігін көрсетті. Осыған байланысты заңнамалық және цифрлық шешімдерді одан әрі жетілдіру жұмыстары жүргізілуде.
Сонымен қатар нотариаттық қызмет және заң көмегі саласындағы заңнамалық өзгерістер азаматтардың құқықтарын қорғауға бағытталған қосымша кепілдіктерді көздейді. Атқарушылық іс жүргізуді жетілдіруге бағытталған заңнамалық өзгерістер де рәсімдердің
ашықтығын арттыруға және өндіріп алушы мен борышкердің құқықтарын қамтамасыз етуге бағытталған.
«Тараптар кабинеті» атқарушылық іс жүргізудің ашықтығын арттырды
Атқарушылық іс жүргізу саласындағы маңызды цифрлық шешімдердің бірі – «Тараптар кабинеті» модулінің жетілдірілуі. Ол AdiletGov жүйесімен интеграцияланған.
Сервис арқылы өндіріп алушы мен борышкер атқарушылық іс материалдарымен танысып, қабылданған шаралар мен жасалған әрекеттерді бақылауға, істің ағымдағы мәртебесін көруге, сондай-ақ электрондық форматта өтініштер мен өтінішхаттар жолдауға мүмкіндік алды.
Сервис іске қосылғаннан бері азаматтардан 63 мың өтініш келіп түскен. Оның ішінде тек 9,4 пайызы бойынша әділет органдарына шағым жасалған. Мәселелердің басым бөлігі тікелей жеке сот орындаушылары деңгейінде шешілуде.
Нәтижесінде өтініштер саны 15 пайызға – 38 мыңнан 32,3 мыңға дейін төмендеген.
Келесі кезеңде Әділет министрлігі атқарушылық іс жүргізуді жасанды интеллект арқылы проактивті бақылау тетігін енгізуді жоспарлап отыр. Жаңа құрал арқылы ұзақ уақыт аяқталмаған істер, мерзімдердің бұзылуы, рәсімдердегі кідірістер және жедел әрекет етуді қажет ететін өзге де проблемалық жағдайлар анықталмақ.
E-Notary – нотариаттық қызметтің жаңа цифрлық форматы
Брифингте нотариат саласын цифрландыруға бағытталған E-Notary платформасы туралы да айтылды.
Жаңа платформа нотариаттық әрекеттердің ашықтығы мен бақылау деңгейін арттыруға бағытталған. Онда нотариустың әрбір әрекетін тіркеу, нотариустар мен азаматтарды биометриялық сәйкестендіру жүйесін интеграциялау көзделген.
Азаматтар жеке кабинеті арқылы өздерінің қатысуымен жасалған нотариаттық әрекеттер туралы ақпаратты бақылап, қажет болған жағдайда заңсыз әрекеттерге қарсылық білдіре алады.
Сонымен қатар нотариаттық әрекеттер жасауға келіп түскен өтініштерді автоматты түрде бөлу тетігі енгізілмек. Бұл нотариустар арасында жүктемені тең бөлуге және мүдделер қақтығысы мен сыбайлас тәуекелдерді азайтуға мүмкіндік береді.
Платформада жасанды интеллект элементтері ұсынылған құжаттарды талдау, ықтимал кемшіліктер мен тәуекелдерді анықтау және тиісті ұсынымдар әзірлеу үшін пайдаланылмақ. Бұл ретте нотариаттық әрекетті жасау туралы түпкілікті шешімді нотариустың өзі қабылдайды.
E-Notary платформасын пилоттық пайдалану қорытындысы бойынша оны 2026 жылдың соңына дейін еліміздің барлық аумағында
енгізу жоспарланып отыр.
Құқықтық ақпарат алу жеңілдей түсті
Құқықтық ақпараттың қолжетімділігін арттыру мақсатында «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесінде жасанды интеллект негізіндегі «Цифрлық көмекші» чат-боты іске қосылды.
Сервис азаматтарға заңнамаға қатысты сұрақтарын онлайн режимде қоюға және қажетті құқықтық ақпаратты жедел алуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар чат-бот жауаппен бірге оған негіз болған нормативтік құқықтық актілердің тиісті нормаларын ұсынады.
Жаңа сервис тәулік бойы қолжетімді болып, азаматтардың қажетті құқықтық ақпаратты өз бетінше іздеуге жұмсайтын уақытын қысқартуға және құқықтық сауаттылықты арттыруға ықпал етеді.
Зияткерлік меншікті қорғау тетіктері күшейтілді
Брифинг барысында зияткерлік меншік саласындағы өзгерістер де таныстырылды.
2026 жылғы 25 қаңтардан бастап тауар белгілерін тіркеу рәсімін жеделдетуге мүмкіндік беретін жаңа тетік енгізілді. Ақылы жеделдетілген рәсім арқылы тауар белгісін тіркеу мерзімі үш айға дейін қысқартылуы мүмкін.
Сонымен бірге тауар белгісін тіркеуге қатысты қарсылық білдіру мерзімі бір айдан екі айға дейін ұзартылды. Бұл құқық иеленушілерге өз құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға қосымша уақыт береді.
Авторлық және сабақтас құқықтарды қорғау бағытында да мемлекеттік бақылау тетіктері күшейтілуде. Авторлар мен құқық иеленушілердің өтініштері негізінде заңнамада белгіленген тәртіппен бақылау шараларын жүргізу мүмкіндігі қарастырылған.
Авторлық құқықтарды басқару саласында цифрландыру жұмыстары да жалғасуда. Бірыңғай цифрлық платформа арқылы құқықтарды есепке алу, шарттарды рәсімдеу, авторлық сыйақыны жинау, бөлу және төлеу процестерінің ашықтығын арттыру көзделген.
Азамат Абдукаримович Айнабеков өз сөзінде әділет саласындағы цифрлық трансформацияның басты мақсаты – технологияны енгізудің өзі емес, оның нәтижесінде азаматтардың құқықтарын қорғау сапасын арттыру екенін атап өтті.
Жалпы, аталған жаңашылдықтар құқықтық ақпараттың қолжетімділігін арттыруға, мемлекеттік және құқықтық қызметтердің ашықтығы мен тиімділігін қамтамасыз етуге, азаматтардың құқықтарын қорғаудың заманауи тетіктерін қалыптастыруға және зияткерлік меншік иелерінің заңды мүдделерін қорғауды күшейтуге бағытталған.

Ұлытау облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі

16:05
24

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020