Ұлытау ауданындағы Ақтасты бұлақ аумағында табиғатты қорғауға және су көздерін сақтауға бағытталған «Мөлдір бұлақ» экологиялық акциясы ұйымдастырылды. Іс-шара мемлекеттік органдардың өкілдерін, кәсіпорын қызметкерлерін, жастар мен аудан тұрғындарын бір мақсатқа жұмылдырып, қоршаған ортаны қорғау мәдениетін насихаттауға арналды.
Акция барысында қатысушылар Ақтасты бұлағының аумағын санитарлық тазалау және абаттандыру жұмыстарын жүргізді. 95-ке жуық адам табиғаттың бірегей су көзін таза сақтауға өз үлесін қосып, экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған игі іске белсене атсалысты.
Экологиялық акцияға Ұлытау облысының Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы мен Экология департаментінің өкілдері, кәсіпорын ұжымы, белсенді жастар қатысты.
Шара барысында Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация министрлігі Тарифтік саясат департаментінің директоры Рүстам Рахметоллаұлы Құнанбаев пен Жезді кенті Ақсақалдар кеңесінің мүшесі Қадыр ата Құлақметов жиналған қауымды экологиялық бастаманың маңыздылығымен құттықтап, табиғатты аялау – әр азаматтың ортақ міндеті екенін атап өтті.