​Жезқазғандағы қарттар үйінде әскери оркестрдің мерекелік концерті өтті

Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы “Орталық” өңірлік қолбасшылығының әскери оркестрі Жезқазған қаласындағы қарттар үйінде 7 мамыр – Отан қорғаушылар күні мен 9 мамыр – Жеңіс күніне орай мерекелік концерт ұйымдастырды.

Мерекелік іс-шараның басты мақсаты – аға буын өкілдеріне құрмет көрсету, олардың ерлікке толы өмір жолын ұлықтау және көтеріңкі көңіл-күй сыйлау болды. Концерт барысында әскери оркестрдің музыканттары патриоттық әндер мен халықтың сүйікті әуендерін орындап, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.

Әсіресе, соғыс жылдарының әндері мен отансүйгіштік рухтағы шығармалар қарттар үйінің тұрғындарына ерекше әсер қалдырды. Көпшілік әндерді бірге шырқап, өткен күндерді еске алды. Әрбір орындалған туынды көрермендердің жүрегіне жылулық сыйлап, мерекелік көңіл-күй қалыптастырды.

Іс-шара соңында қарттар үйінің тұрғындары әскери оркестр ұжымына алғыстарын білдіріп, осындай тағылымды кездесулердің маңыздылығын атап өтті. Олар үшін бұл концерт ерекше сый болып, рухани серпіліс бергені сөзсіз.

Мұндай игі шаралар – ұрпақтар сабақтастығын нығайтып, ел тарихына деген құрметті арттырады. Ұлттық ұлан әскери қызметшілері алдағы уақытта да қоғаммен тығыз байланыс орнатып, патриоттық бағыттағы іс-шараларды жалғастыра бермек.

ҚР ІІМ ҰҰ “Орталық” ӨңҚ Баспасөз қызметі

13:48
12

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020