Олжас Бектенов Абай облысында республикалық жедел штаб отырысын өткізді

Қазақстан Премьер-министрі Олжас Бектенов Абай облысына жұмыс сапары барысында Төтенше жағдайларды жою жөніндегі республикалық жедел штабтың отырысын өткізді. Жиында 2026 жылғы өрт қаупі жоғары кезеңге дайындық мәселелері қаралды.
Төтенше жағдайлар министрлігі Экология министрлігімен және басқа да мүдделі мемлекеттік органдармен бірге табиғи өрттерге қарсы әрекет ету жөніндегі республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығу шараларын ұйымдастырып, өткізсін. Оқу-жаттығу барысында трансшекаралық өрттерді сөндіру және көрші мемлекеттердің қызметтерімен өзара іс-қимыл жасау мәселелерін пысықтау қажет. Сондай-ақ оқу-жаттығуға «Ауыл құтқарушылары» өрт сөндіру бекеттерін де тарту керек. Қазіргі таңда олар барлық өңірлерде белсенді түрде құрылып жатыр. Біз бұл бағытта жұмысты одан әрі жалғастырып, табиғи өрттерді сөндіру кезінде олардың әлеуетін пайдалануымыз керек. Сонымен қатар Төтенше жағдайлар министрлігінің ахуалдық орталығында өрт қаупі жоғары кезеңде мүдделі мемлекеттік органдардың өкілдерінен құралған жедел штаб құру қажет. Штаб жұмысы аясында өңірлердегі өрт жағдайын тәулік бойы бақылауды қамтамасыз ету керек.
Экология министрлігі әкімдіктермен бірлесіп, табиғатты қорғау және орман мекемелерін одан әрі жарақтандыру жұмыстарын жалғастырсын. Әкімдіктермен, Жасанды интеллект министрлігімен және «Қазақтелеком» компаниясымен бірлесіп, өрттерді ерте анықтау жүйелерімен қамту аясын кеңейтіп, олардың «Семей орманы» резерватының аумағында да жұмыс істеуін қамтамасыз етуі қажет.
Жасанды интеллект министрлігі өрттерді болжау және сөндіру алгоритмдері үшін қолданыстағы ақпараттық жүйелердің әзірлігін қамтамасыз етсін. Бұл орайда жерді қашықтан зондтау деректерін пайдалану қажет. Болжау нәтижелерін әкімдіктерге және тиісті мемлекеттік органдарға жеткізу керек.
Әкімдіктер елді мекендерде ерікті өртке қарсы құрылымдарды ұйымдастыру жұмыстарын жалғастырсын. Сондай-ақ өңірлерде әуе кемелерін тарту үшін жанар-жағармай материалдарының қажетті қорларын қамтамасыз еткен жөн. Өрт сөндіру көліктері мен тікұшақтар су алу үшін қажетті су көздерін дайындау керек. Осы ұйымдастыру мәселелерінің барлығын 20-шы сәуірге дейін шешу қажет.
ІІМ – өрт қаупі жоғары кезеңде ормандарда азаматтардың демалуына жол бермеу жөнінде шаралар қабылдасын. Рейдтер мен патрульдеу кестесін жасаңыздар. Өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзушылардың барлығын жауапкершілікке тарту қажет.
Төтенше жағдайлар, Экология, Мәдениет және ақпарат министрліктері мен әкімдіктер өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтау мәселесі бойынша халық арасында түсіндіру жұмыстарын күшейтуге тиіс.

Тапсырмалардың орындалуын үйлестіру Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевқа жүктелді.

19:35
12

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020