2026 жылдың 4 наурыз күні Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері, айтыскер ақын Мұқаш Сейтқазиновтің 70 жасқа толуына орай салтанатты жиын өтті. Мерейтой аясында ұйымдастырылған шығармашылық кеште ақынның «Дәридай-дәурен» атты жыр жинағының тұсауы кесілді.
Салтанатты кешке Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспеков қатысып, мерейтой иесіне ізгі тілегін жеткізді. Сонымен қатар өңір басшысы ақынға Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошановтың құттықтау хаты мен ықылас гүлін табыс етті.
Өз құттықтауында облыс әкімі:
«Алпыстан астам дүбірлі айтыста үздік атанып, қазақ даласына “Дәридай ақын” есімімен кеңінен танылдыңыз. “Дәридай” деген атыңыз айтыс өнеріндегі өзіндік брендке айналды десек, артық айтқандық емес», – деп атап өтті.
Мерейтойлық кешке еліміздің белгілі қаламгерлері арнайы қатысып, сондай-ақ түрлі өңірлерден келген құттықтау хаттар оқылды.
Іс-шара барысында ақын шығармашылығына арналған жыр оқу байқауының жеңімпаздары марапатталып, жүлделерді мерейтой иесінің өз қолынан алды.
Салтанатты кеш ақынның жүрекке жетер жырларымен әрленіп, рухани әсерге толы тағылымды кеш ретінде түйінделді.