Атқарылған жұмыс та, алдағы жоспар да ауқымды

Ғалым Қарабаев, «Казтехфильтр» ЖШС директоры:

Атқарылған жұмыс та, алдағы жоспар да ауқымды

  • - Ғалым Кісенбайұлы, жаңа қызметіңіз құтты болсын! Жаңа орта – жаңа тыныс, жұмысқа етене кірісіп үлгердіңіз бе?
  • -Рақмет! Иә, әрине! Әр қызметтің өзінің жүгі бар, жауапкершілігі бар. Кәсіпорынның тыныс-тірлігімен етене танысу, ұжыммен ұйыса еңбек ету, ісін ілгерілету кез кезген басшының алдындағы кезек күттірмейтін мәселе. Мен де өз кезегімде мейлінше істің қыр-сырына терең қанығуға, күн тәртібіндегі атқарылуға тиіс жұмыспен қатар алдағы жоспарды жүйелі жүзеге асыруға тырысып жатырмын. Темірдей тәртіп пен жауапкершілік жүрген жерде әр істің нәтижесі оң болатынына сенімдімін.
  • - Сіз тізгінін ұстаған кәсіпорын тауар нарығында ескегін ескеніне 15 жылдың жүзі болып қалды. Нәтиже қандай?
  • -Оныңыз рас. «Казтехфильтр» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 2011 жылы құрылып, жұмысын жолға қойған. Оның негізгі бағыты – арнайы көліктерге, жол-құрылыс және ауыл шаруашылығы техникасына арналған ауа сүзгілерін өндіру. Өндіріс іске қосылғанда өнім түрі 8 сүзгі элементінен тұрса, екі жылдан кейін оның қатары 30-ға дейін көтерілді. Осылайша, 2013 жылы 10 техникалық регламентке сәйкес отандық тауар өндіруші мәртебесін растайтын СT-KZ формасындағы сертификатқа қол жеткізді. Ұзақ жылғы қажырлы еңбек ұшпаққа шығарды. 2018 жылы біз «Қазақмыс Корпорациясы» ЖШС «Үздік тасымалдаушы» марапатын еншілесек, 2023 жылы ERG тобының «Үздік ауа сүзгісін тасымалдаушы» Дипломын қанжығамызға байладық. 2016 жылы мұнай және отын сүзгілерінің жаңа түрлері өндіріске енгізілді. Жыл соңына қарай өндірілген сүзгі элементтерінің жалпы саны 150-ден асып жығылды. Жыл сайын Кельн (Германия), Мәскеу (Ресей) және Шанхай (Қытай) қалаларындағы халықаралық көрмелерге қатысу бізге жұмыс процесімізді оңтайландыруға және жоғары сапалы сүзгі материалдарын сатып алуға мүмкіндік берді, бұл өз кезегінде өнім түрлерін және дайын өнімдерді сататын аймақтардың іргесін кеңейтуге мүмкіндік берді. 2020 жылы «Ұлттық сараптау және сертификаттау орталығы» АҚ «Сапа көшбасшысы-2020» марапатын жеңіп алдық. Бұл жай ғана марапат емес, мұның астарында бір терінің пұшпағын ұзақ жылдардан бері бірге илеп келе жатқан ұжымның есіл еңбегі, маңдай тері жатыр. Бұл – береке-бірліктің, мызғымас тірліктің айқын көрінісі.
  • - Жоспарлы жұмыс – нақты нәтижесін беріп жатыр дейсіз ғой...
  • -Әлбетте. Келісіп пішкен тон ешқашан келте болған емес. Осы орайда кәсіпорын жұмысын жолға қойғаннан бері оның ісін ілгерілету турасында жыл сайын нақты жоспар түзіледі, оны жүзеге асыру алгоритмі де жасалады, соған сәйкес қарқынды тірлігі де қоса қабат өріледі. Мәселен, 2023 жылы компания өндірістік қуатын жаһандық деңгейде кеңейтуді, соның ішінде корпус майын, отынды және салқындату жүйесінің сүзгілерін шығаратын жаңа цех салуды жоспарлаған-тын. 2024 жылдың шілдесінде цехтың құрылысы аяқталып, судай жаңа жабдықтармен пайдалануға берілді. Дәл осы жылдың қазан айында компания «Самұрық-Қазына» компанияларымен тығыз серіктестік орнатуға мүмкіндік беретін «Индустриялық сертификат» алды. Келесі жылы бұрын алынған сертификаттарды жаңарту жұмыстары жалғасты. Қазіргі уақытта біздің тұтынушыларымыздың қатарында «Қазақмыс Корпорациясы» ЖШС, «Қармет» АҚ, «ERG компаниялар тобы», «Самұрық-Қазына» АҚ, «АМК» АҚ, «АлЭС» АҚ, Қарағанды №3 автобус депосы, Алматы электротранс автобус депосы, Астана №4 автобус депосы және «АБИ-Астана» ЖШС және басқа да көптеген компаниялар бар. Біздің компания өз өнімдерін Көкшетаудағы «Ростсельмаш» комбайн жинау конвейеріне жеткізеді. 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап «Казтехфильтр» ЖШС қазақстандық өндірушілердің тізіміне енді және өнім каталогын жаңартуды және кеңейтуді жалғастыруда. Бүгінгі таңда компания сәтті жұмыс істеуде және 300-ден астам өнім түрін шығарады. Білікті мамандардан құралған команда күн сайын өндіріс сапасын жақсартуға, Қазақстандағы және шетелдегі компаниялармен жаңа серіктестіктер орнатуға қызу жұмыс істеп келеді. 50 жаңа жұмыс орны құрылды, сондай-ақ, Қазақстан нарығы мен ТМД үшін арнайы жабдықтарға арналған сүзгілердің мүлдем жаңа өндірісі іске қосылды. «Казтехфильтр» ЖШС – іштен жанатын қозғалтқыштарға арналған картридждік сүзгі элементтері мен корпустық сүзгілердің негізгі өндірушісі, Қазақстан нарығында өзін тауарлық-материалдық құндылықтардың сенімді жеткізушісі ретінде көрсетті.
  • - Енді, әңгімені компания жұмысының негізгі бағыттарына бұрсаңыз?
  • -«Казтехфильтр» компаниясы өнімдерінің қатарына 400-ден астам стандартты өлшемдер кіреді, соның ішінде ауа картриджінің сүзгілері, отын және май картриджінің сүзгілері, отын мен майды тазартуға арналған корпус сүзгілері және салқындату жүйесінің сүзгілері. Өндірілетін өнімдерге қойылатын негізгі техникалық талап – ауаны, майды және отынды барлық ластаушы заттардан жоғары сапалы тазарту және олардың қозғалтқышқа түсуіне жол бермеу. Сүзгілер мен сүзгі элементтерін өндіру ұйым стандартының, жобалау құжаттамасының талаптарына және техникалық регламенттер мен басқа да нормативтік құжаттаманың талаптарына сәйкес жүзеге асырылады. Өнімдердің негізгі сипаттамалары: сүзу тиімділігі, тығыздығы, қиын жағдайларда жұмыс істеу мүмкіндігі. Компания өндіріс процесінде жоғары сапалы шикізат пен материалдарды пайдаланады, соның ішінде Қазақстанда өндірілген мырышталған болат, сүзгі қағазы, бір компонентті пластизол желімі, полиуретан, Қазақстанда өндірілген әртүрлі көлденең қималар мен профильдердегі резеңке тығыздағыштар және басқа да бірқатар компоненттер тағы бар. Дайын өнімдер полиэтилен пакетке және картон қорапқа салынады. Қаптама Қазақстанда өндірілген. Ауа картриджінің сүзгі элементтері екі түрде болады: осьтік және радиалды тығыздағыштар. Сүзгі элементтерінің сүзгі пердесі жоғары сапалы целлюлозадан және синтетикалық талшықтар қосылған целлюлоза материалдарынан жасалған, бұл сүзгі элементтерінің қызмет ету мерзімін ұзартуға және микроннан кіші ластаушы заттарды ұстауға көмектеседі. Компания соңғы буын жабдықтарына орнатылған Donaldson технологиясын қолдана отырып, сүзгі элементтерін өндіру мүмкіндігімен жұмыс істеп жатыр.
  • - 2024 жылы «Қазтехфильтр» ЖШС корпус сүзгілерін өндіру технологиясын әзірлегені мәлім. Бұл ретте не айтасыз?
  • -Иә, өзіңіз атап өткендей мұндай технология әзірленді және 2000-нан астам отын, май және салқындату жүйесінің сүзгілерін шығарды, олар кәсіпорындарда сертификаттау мен өнеркәсіптік сынақтардан сәтті өтті. Корпус май сүзгісінің мақсаты – сүзгі элементін пайдаланып, қозғалтқыш майындағы ластаушы заттарды кетіру, осылайша қозғалтқыштың ішкі компоненттерін майлау үшін таза майдың үздіксіз жеткізілуін қамтамасыз ету. Отын сүзгілері металл отынды сақтау және тасымалдау контейнерлерінде кездесетін шаңды, тотты және кір бөлшектерін, сондай-ақ, отын мен судағы парафин қоспаларын сүзеді және жояды, олар отын бактарының қабырғаларында конденсация түрінде пайда болады, отындағы химиялық процестер нәтижесінде немесе отын құю кезінде отынға енеді. Отын сүзгісінің ең маңызды функцияларының бірі – суды бөлу, себебі отындағы судың болуы тек тозуды ғана емес, сонымен қатар қозғалтқыштың істен шығуын да тудырады. Салқындату жүйесінің сүзгісі салқындатқыш сұйықтықтың таза болуын қамтамасыз етеді, бұл мүмкін болатын қоспаларды сүзеді. Сондай-ақ, ол салқындату жүйесінің дұрыс жұмыс істеуін қамтамасыз ету және қозғалтқышты қорғауды қамтамасыз ету үшін маңызды қоспалардың біртіндеп бөлінуін қамтамасыз етеді. Тиімді сүзу көліктің тоқтап қалу уақытын айтарлықтай азайтады, қызып кету мәселелерінің алдын алады. Сонымен қатар, қалыпты рһ деңгейін ұстап тұру салқындату жүйесінің қабырғаларында қақ пайда болуына жол бермейді.
  • - Жаңа басшысының көкжиекті кеңейтуге бағытталған жоспары да жоқ емес шығар. Келешекке бағдарыңыз?
  • -Жалпы, компанияда өзіңіз қаныққандай атқарылған жұмыс та, алдағы жоспар да ауқымды. Маған дейін де ұзақ жылдар бойы қаншама істің көбесі сөгілді, нәтижесі де жоқ емес. Қол жеткізген жетістіктерімізбен қатар құлашымызды кеңге ұру жолында кездескен қиындықтарымыз да аз емес. Осы ретте «Қазақмыс Корпорациясы» ЖСШ-нің басшылықтары С.Ш.Бакировтің, К.С.Жубанышевтің аймақтық отандық өндіріске үлкен қолдау көрсетіп отырған атап өту қажет. Іс сапарымен келген Парламент мәжілісінің депутаттары Ерболат Сатыбалдин, Аманжол Әлтай және Азат Перуашев өндірістің үдерісімен танысып, кәсіпорынға қолдау көрсету мәселесін бақылауға алатынын айтты. Күрмеулі мәселені шешу, түйткілді түйінді тарқату үлкен қажыр-қайратты талап етеді. Мұның бәрі түптің түбінде ұжымдағы ұйымшылдықтың, береке-бірліктің арқасында келетін жеңіс деп білемін. Сол себепті жұмысты кенжелетпейміз, керісінше қарқынын арттырмасақ, кежегемізді кейін тартуға жол жоқ. Келешекке жасалған қаншама жоспар бар, соны іске асыру жолында тер төгетін боламыз. Жалпы, ер азаматтың «арық сөйлеп, семіз шыққаны» жақсы. Есіл еңбектің өтеуін уақыт көрсете жатар.
  • - Әңгімеңізге рақмет!
  • Сұхбаттасқан: Меруерт Наурызбай. 
18:23
21

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020