Бүгін Ұлытау облысының «Қоғамдық келісім» КММ ұйымдастыруымен Алғыс айту күніне арналған «Алғыс – жүректен, бірлік – елдіктен» атты мерекелік іс-шара өтті.
Іс-шара мемлекеттік органдардың, этномәдени бірлестіктердің, Қазақстан халқы Ассамблеясының облыстық құрылымдарының өкілдерін, қоғам белсенділері мен өңір тұрғындарын бір арнаға тоғыстырып, бірлік, келісім және өзара алғыс айту мәдениетін нығайту идеясын дәріптеді.
Құттықтау сөз сөйлеген Ұлытау облысының қоғамдық даму басқармасының басшысы Бақытжан Жайлаубаев Алғыс айту күнінің қоғамдағы татулық пен өзара құрметтің символы ретіндегі маңызын атап өтті.
Сондай-ақ өз сөзінде Бақытжан Өміртайұлы алдағы конституциялық реформаларға тоқталып, оның басты мақсаты – қоғамдағы бірлікті нығайту, ашық диалогты дамыту және әр азаматтың ел өміріне белсенді қатысуына жол ашу екенін жеткізді.
Іс-шара аясында Ұлытау облысы әкімінің орынбасары Зина Ақылбекованың атынан «Аламан құрақшыларға Алғыс хаттар табысталды. Олар ұлттық дәстүрді сақтауға және ұрпаққа дәріптеуге зор үлесін қосып келеді.
Чернобыль атом электр станциясындағы апат салдарын жоюға қатысқан азаматтардың жұбайлары мен аналарына ерекше құрмет көрсетілді. Оларға сый-құрмет ретінде тазалықтың, аналық мейірім мен даналықтың белгісі – ақ орамал табысталды.
Сонымен қатар «Жомарт жан» жобасы аясында бірігіп қайырымдылық іске атсалысқан меценаттарға – Николай Распоповқа, Рамзия Фатхутдиноваға, Меруерт Бахбергеноваға, Жанна Шубаеваға, Айымкул Мукушеваға ерекше алғыс білдірілді.
Олардың қоғамға көрсетіп жүрген қолдауы орасан зор. Іс-шара барысында ерекше қажеттіліктері бар үш балаға әрқайсысына 100 000 теңге көлемінде сертификаттар табысталды.
Мерекелік кештің көркін ақсақалдардың батасы, этномәдени бірлестік өкілдерінің жүрекжарды тілектері мен шығармашылық өнер көрсетілімдері аша түсті. Олар өз сөздерінде Алғыс айту күнінің маңызын атап өтіп, Қазақстан халқының бірлігі, өзара сыйластығы мен татулығы – елдің басты құндылығы екенін ерекше жеткізді.
Іс-шара ауызашарға арналған тарту және қасиетті Рамазан айына арналған ізгі тілектермен қорытындыланды. Бұл – мейірімділік, алғыс пен бірліктің маңызын тағы бір мәрте еске салды.
Алғыс айту күні – бір-бірімізді бағалап, қолдау көрсетіп, жүректен шыққан алғысымызды білдірудің маңызын ұғындыратын ерекше күн.