– Намысты қолдан бермей, байрақты бәсекеде топ жардыңыздар! Соның арқасында көк Туымыз желбіреді. Еліміздің мерейі үстем болды. Халқымыз сіздерді мақтан тұтады. Әлемнің 48 елінен 100-ден астам команда жиналған Дубайдағы дүбірлі дода – халықаралық маңызы бар оқиға. Бұл аса тартысты жарыс деп айтсақ, қате болмайды. Себебі барлық командалар бес күн бойы өте күрделі мақсаттарға қол жеткізу үшін көптеген тосқауылдарды еңсеруі қажет болды. Бірақ біздің жауынгерлер барын салды, әскери міндеттерді мінсіз орындап, ақыры ең жоғары деңгейдегі шеберліктерін көрсетті. Мұндай жарысқа әр мемлекет өзінің ең мықты сарбаздарын жібереді. Соған қарамастан ел үмітін ақтап, үздіктердің үздігі атану оңай емес екені анық. Бұл кездейсоқ жетістік емес. Әр жетістік – зор ерік-жігер мен қажырлы еңбектің жемісі. Әр жеңіс – мықты кәсіби дайындық пен асқан шеберліктің айқын көрінісі. Өздеріңіз білесіздер, былтыр осы беделді жарыста Қазақстан құрамасы екі күміс жүлдені еншіледі. Биыл да сол жеңіс жолын жалғастырып, зор сенім артқан ұлттық командамыз абыроймен оралды. Бұл – тамаша жетістік, бұл жеңіс осы турнирдің тарихында қалады. Жылдар зымырап өтеді, бірақ сіздердің балаларыңыз, осы қуанышты күндердің куәсі болған, сіздерді қолдаған, сіздерді мақтан тұтқан барлық адамдар бұл жеңісті әрдайым ерекше сезіммен еске алып, айтып отырады. Бұл да өте жақсы, бәрімізді қуантқан керемет нәтиже, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.