«Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!»
Жалпыұлттық коалициясының Ұлытау өңірлік мүшелері Жаңа Конституция жобасын халыққа кеңінен түсіндіру мақсатында Ұлытау облысының ардагерлерімен мазмұнды әрі ашық форматтағы кездесу өткізді.
Іс-шараға «AMANAT» партиясы Ұлытау облыстық филиалының атқарушы хатшысы Ерлан Мырзабеков, Ұлытау облысы ардагерлер кеңесінің төрағасы Сағындық Қожамсейітов, Жезқазған қаласының құрметті азаматы Мұрат Қазамбаев және «Ұлытау» телеарнасының журналисі, ақын Мұқағали Сейітқазы қатысты.
Кездесу барысында Жаңа Конституция жобасының негізгі бағыттары, ондағы саяси, әлеуметтік және құқықтық өзгерістер жан-жақты түсіндірілді. Әсіресе, азаматтардың құқықтарын қорғау тетіктерін күшейту, билік тармақтары арасындағы тепе-теңдікті нығайту, жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту және халықтың шешім қабылдау үдерістеріне қатысу мүмкіндіктерін кеңейту мәселелері кеңінен талқыланды.
«Жаңа Конституция жобасының преамбуласы – құжаттың рухани және идеялық өзегі. Онда мемлекетіміздің басты құндылықтары, тарихи сабақтастығы, ұлттық бірлігі мен болашаққа деген ортақ ұмтылысы айқын көрініс табады. Преамбулада Қазақстан халқының тәуелсіздік жолындағы жауапкершілігі, әділетті қоғам құруға деген берік ниеті және адам құқықтары мен бостандықтарын жоғары құндылық ретінде тану қағидаты бекітіледі. Бұл – еліміздің демократиялық, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретіндегі бағытын айқындайтын маңызды тұжырым»,-деді өз сөзінде Сағындық Үсенұлы.
Ардагерлер қауымы ел дамуының маңызды кезеңінде қабылданатын әрбір шешімнің тарихи жауапкершілік жүктейтінін атап өтті. Олар Жаңа Конституция жобасының мазмұнына қатысты өз ой-пікірлерін білдіріп, ұсыныстарын ортаға салды. Қатысушылар қоғамдағы тұрақтылық пен бірлікті сақтау, әділетті әрі прогрессивті мемлекет құру жолында халықтың белсенділігі айрықша маңызға ие екенін айтты.
Кездесу ашық пікір алмасу форматында өтіп, өзара сенім мен конструктивті диалог алаңына айналды. Мұндай мазмұнды кездесулер алдағы уақытта да жалғасып, тұрғындар арасында Жаңа Конституция жобасын түсіндіру жұмыстары жүйелі түрде жүргізілетін болады.