Ұлытау облысының тарихи-археологиялық музейінің ұйымдастыруымен 25 қазан – Республика күніне орай бүгін музейдің конференц-залында Қазақстан Суретшілер одағының және Қазақстан Дизайнерлер одағының мүшесі, ҚР Мәдениет қайраткері, суретші-шебер Ерғазы Исатаевтың 60 жылдық мерейтойына арналған «Ұста өнерінің сан қыры» атты кітабының тұсаукесері және «Ұста мұрасы: шеберлік пен дәстүр» атты көрмесінің ашылуы өтті.
Мерекелік іс-шараның мақсаты – атадан балаға мирас болған ұлттық өнеріміз бен мәдениетіміздің бастау көзінде тұрған дәстүрлі ұлттық қолөнерді дәріптеу, жаңғырту, насихаттау.
Ерғазы Исатаевтың шығармашылығына арналған «Ұста өнерінің сан қыры» атты кітабы жақында басылып шықты. Атасы Құсайынның өрімшілігі, әжесі Шәрімнің ісмерлік қасиеті қанына дарып, бойына бекіп, ағасы Серіктің тәрбиесін көріп, кейін кәсіби мамандар, әйгілі ұста Дәркенбай Шоқпаров пен зергер Дүйсен Сейдуалиевтің шеберлік мектебінен өткен Ерғазы Кеңесұлының қолөнер саласындағы туындыларының біразымен, оқырмандар осы кітап арқылы таныса алады.
Іс-шараға шығармашылық қауым өкілдері, БАҚ өкілдері, суретшілер, автордың әріптестері мен туған-туыстары қатысты. Қазақ халқының ұмытыла бастаған ұлттық қолөнерінің қайта жандануына сүбелі үлесін қосып, ата-бабаларымыздан жеткен асыл да құнды мұраларымызды әсем жауһарға айналдыра білген зергердің еңбегі ешқашан ұмытылмақ емес.