Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауында медициналық қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін бақылаудың жаңа жүйесін жасанды интеллект негізінде құруды тапсырды. Осы орайда біз Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Ұлытау облыстық филиалының директоры Әлия Байтоковамен сұхбаттасып, өңірде қолға алынғалы жатқан жүйелі шаралар жайында сұрадық.
– Әлия Жұмағұлқызы, Президент Жолдауында көтерілген бастамалар аясында Қор тарапынан қандай жұмыстар жоспарланып отыр?
– Денсаулық сақтау – мемлекеттің ең маңызды салаларының бірі. Бұл бағыт әрдайым Президенттің жіті бақылауында, себебі халықтың денсаулығы – елдің болашағы мен тұрақты дамуының негізі. Жыл сайын Мемлекет басшысы өз Жолдауларында медицина саласына ерекше назар аударып, нақты тапсырмалар мен даму жоспарын белгілейді. Биылғы Жолдауда да денсаулық сақтау жүйесін жетілдіру үшін жаңа технологияларды, соның ішінде жасанды интеллектті енгізу міндеттелді. Бұл – медициналық қызметтердің сапасын арттыру мен қолжетімділігін қамтамасыз етудің тиімді жолы деп есептеймін.
Қор Мемлекет басшысы жүктеген тапсырманы орындауға шұғыл кірісіп кетті. Қазіргі таңда медициналық көмекке ақы төлеудің бірыңғай жүйесі базасында арнайы «Мониторинг» модулі іске қосылды. Бұрын біз емханада және ауруханада көрсетілетін көмекті бөлек-бөлек сараптайтынбыз. Енді бұл жаңа жүйе арқылы пациенттің емханаға алғаш рет жүгінген сәтінен бастап, қажет болса ауруханаға жатқызылғанға дейінгі бүкіл ем алу жолы біртұтас, кешенді түрде бағаланады. Бұл – медициналық көмектің сапасын бақылауға жасалған қарышты қадам.
Бүгінгі таңда бірыңғай төлем жүйесінің бірінші кезеңі аясында 20-дан астам автоматтандырылған тексеру алгоритмі енгізілді. Яғни, медицина ұйымы қызмет көрсеткеннен кейін барлық деректер жүйеге жүктеліп, заңнама мен стандарттарға сәйкестігі автоматты түрде тексеріледі. Егер қандай да бір сәйкессіздік анықталса, жүйе оны бірден белгілейді. Бұл бізге нақты ақауларды дер кезінде анықтап, қажетті шараларды жедел қабылдауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, өңірлер мен медицина ұйымдары бойынша аналитикалық есептер де жасалады. Бұл – сапасыз қызметтің алдын алуға бағытталған өте тиімді құрал.
–Жаңа жүйе өз тиімділігін дәлелдеді ме? Қандай оң өзгерістер байқадыңыздар?
– Жаңа жүйенің нәтижесі жаман емес. Медициналық көмекті төлеудің бірыңғай жүйесі мен «Мониторинг» модулі іске қосылғалы жағымды өзгерістер байқалып отыр. Ақаулар азайды, қызмет көрсету кезінде стандарттардың бұзылуы азайды. Бұл – жаңа жүйе өз нәтижесін беріп жатыр деген сөз. Ең бастысы – медициналық ұйымдар енді қойылған талаптарды нақты орындауға тырыса бастады. Әрине, жүйе жаңадан енгізілген соң, алғашқы кезде медициналық ұйымдар тарапынан сұрақтар мен ұсыныстар көп болды. Мәселен, ақауларды автоматты тіркеу, алгоритмдердің қалай жұмыс істейтіні туралы сұрақтар, және келіспеген жағдайда қалай қарсылық білдіруге болатыны жиі көтерілді. Осыған байланысты Филиалдың медициналық көмектің сапасын бағалау және шарттық міндеттемелердің мониторингі бөлімінің мамандары жиырмадан астам оқыту мен түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Көптеген ұсыныстар ескеріліп, жүйеге өзгерістер енгізілді. Мысалы, ақауларды тіркеу тәсілдері жаңартылды, пайдаланушыларға арналған нұсқаулықтар дайындалып, оқыту жалғасуда.
Жаңа жүйенің тағы бір маңызды ерекшелігі – медициналық ұйымдар тіркелген ақауға бірден жүйе арқылы қарсылық білдіре алады. Олар өз дәлелдерін, құжаттарын тіркеп жібереді. Бұл ақпарат автоматты түрде сол саладағы Қор сарапшыларына түседі. Яғни, шешім қабылдауға адам факторының әсері азаяды, сарапшылар әділ әрі бейтарап шешім қабылдай алады. Егер алғашқы шешімге көңіл толмаса, медициналық ұйым шағымын қайта қаратуға да мүмкіндігі бар. Бұл кезде оны басқа сарапшы қарайды, олардың пікірі бір-біріне көрінбейді. Бұл тәсіл – әділдік пен ашықтықты қамтамасыз етеді.
Айта кету керек, медициналық қызметтерге жүргізілетін сараптаманы үлестіру процесі жүйеде жасанды интеллект арқылы автоматтандырылған. Яғни, мысалы, Ұлытау облысындағы медициналық қызметтерге мониторинг жүргізу міндеті басқа облыстағы сарапшыларға беріледі. Бұл тәсіл ең алдымен субъективтілік пен мүдделер қайшылығын болдырмау, сондай-ақ сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында енгізілді.
Жаңа жүйе арқылы біз осы жылдың шілде айында көрсетілген медициналық қызметтерді саралап көрдік. Ұлытау облысы бойынша жүйеде 7678 ықтимал ақау тіркелді. Оның ішінде 7260 жағдай расымен ақау ретінде расталды. Медициналық ұйымдар 569 ақау бойынша қарсылық білдірді. Қарсылықтардың нәтижесінде 386 жағдай негізді деп танылып, медициналық ұйымның пайдасына шешілді.
–Жолдауда әлеуметтік бағдарланған мемлекеттің дамуына ерекше назар аударылды. Осыған орай, МӘМС жүйесінде әлеуметтік осал топтарды қолдауға бағытталған қандай жаңашылдықтар енгізілді немесе енгізілуі жоспарланып отыр?
– МӘМС – ортақ жауапкершілік қағидатына негізделген жүйе. Сондықтан, медициналық сақтандырудың қазақстандық моделі ең алдымен әлеуметтік осал топтарды қорғауға бағытталған дер едім. Жүйе 2020 жылдан бастап қолданысқа енгеннен бері, сақтандырылған азаматтар жарна көлеміне қарамастан, қажет болған жағдайда кез келген медициналық қызметті тегін ала алады. Тіпті оның құны жоғары болса да, бұл көмек бәріне бірдей қолжетімді.
Мемлекет өз тарапынан 15 жеңілдік санатына жататын азаматтарды жарна төлеуден толық босатқан. Олардың қатарында балалар, мүмкіндігі шектеулі азаматтар, зейнеткерлер, ресми тіркелген жұмыссыздар, сотталғандар, алтын және күміс алқалы көп балалы аналар, студенттер және тағы басқа санаттағы тұлғалар бар.
Сонымен қатар, халыққа медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру мақсатында 2025 жылдың қыркүйегінен бастап профилактикалық скринингтік тексерулер барлық азаматтарға, сақтандыру мәртебесіне қарамастан, тегін жүргізіле бастады. Бұл да өз кезегінде азаматтардың денсаулығын ерте кезеңде бақылауға мүмкіндік беретін маңызды қолдау шарасы.
2026 жылдан бастап әлеуметтік әл-ауқат деңгейі төмен, нақтырақ айтқанда, «Д» және «Е» санаттарына жататын осал топтағы азаматтар МӘМС жүйесінде жергілікті бюджет есебінен сақтандырылатын болады. Мұндай қолдау халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз бөлігіне медициналық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз етуге бағытталған. Жергілікті атқарушы органдар осы азаматтардың сақтандыру мәртебесін бақылап, қажетті қаржыландыруды уақытылы жүргізуге жауапты болады. Біздің есептеуіміз бойынша Ұлытау облысында осы жеңілдікке ие болатын осал топтағы 6 мыңнан аса тұрғын бар.
–МӘМС пен ТМККК пакеттері біріктіріледі деген жаңалықты да құлағымыз шалды. Естігеніміз рас болса, бұндай реформа не үшін қажет?
– Мемлекет басшысы былтырғы Жолдауында бюджет мүмкіндіктері мен азаматтардың қажеттіліктері бойынша теңдестірілген базалық мемлекеттік медициналық көмектің бірыңғай пакетін қалыптастыруды тапсырды. 2026 жылдан бастап медициналық көмектің бірыңғай пакетіне кезең-кезеңімен көшу басталады. Бұл бастама медициналық көмек көрсету жүйесін нақтылап, қайталануды жоюға, қызметтердің ашықтығын қамтамасыз етіп, оның қолжетімділігі мен сапасын арттыруға, сондай-ақ азаматтарды медициналық сақтан¬дыру жүйесіне барынша тартуға бағытталған.
Бірыңғай пакетке ең маңызды медициналық қызметтер кіреді, мысалы, шұғыл жәрдем, паллиативтік (ауыруды жеңілдететін) көмек, әлеуметтік маңызды ауруларға күдік туған кезде көрсетілетін көмек, амбулаториялық дәрі-дәрмек және сақтандырылмаған адамдарға шұғыл стационарлық көмек. Ал МӘМС пакеті осы қызметтерден бөлек, созылмалы және әлеуметтік маңызды ауруларға арналған басқа да барлық медициналық қызметтерді қамтиды. Бұл модель денсаулық сақтау саласын қаржыландырудың 70%-ын МӘМС жүйесінен, ал 30%-ын мемлекеттен бөлінуін қамтамасыз етеді. Ең әуелі МӘМС пакетіне динамикалық бақылауға жататын созылмалы аурулар, әлеуметтік маңызы бар аурулардың жеті тобы, алғашқы медициналық-санитарлық көмек біртіндеп беріледі. Дегенмен, туберкулез, онкология, АИТВ, ЖИТС, гепатит, сынды әлеуметтік маңызы бар ауруларға күдік туындаған жағдайда тексерулер пациенттің сақтандыру мәртебесіне қарамастан тегін, яғни бірыңғай пакет аясында жүргізіледі.
– Әлия Жұмағұлқызы, уақыт бөліп, сұхбат бергеніңіз үшін рақмет. Қордың денсаулық сақтау жүйесін жетілдіру бағытында қолға алған бастамаларына сәттілік тілейміз. МӘМС жүйесі қуатты болсын!
Сұхбаттасқан Арайлым ЕРҚОҢЫРОВА