Қолжетімді және сапалы білім беру: балабақшадан бастап халықаралық олимпиадаларға дейін

     Адам капиталын дамытуға негіз ерте жастан қаланады. Сол себепті Үкімет мектепке дейінгі білім беру жүйесіне айрықша көңіл бөліп, әр балаға болашақта табысты болуға тең мүмкіндік жасауды көздеп отыр. Бүгінде Қазақстанда 11,8 мың мектепке дейінгі ұйым жұмыс істейді.                Оларда 1 млн-нан астам бала тәрбиеленіп жатыр: 470 мың бала – мемлекеттік, ал 540 мыңнан астамы – жекеменшік балабақшаларда. Жаңа балабақшалар ашу және заманауи қаржыландыру тетіктерін енгізуді қамтитын жүйелі жұмыстың арқасында 2–6 жас аралығындағы балаларды қамту деңгейі 93,1%-ға жетіп, жыл соңына дейін 95%-ға дейін өседі деп жоспарлануда.
     Қолжетімділікті арттыру үшін 2023–2027 жылдарға арналған кезеңдік Жол картасы бекітілген. 2025 жылдың басынан бері 14,8 мың орындық 195 балабақша ашылды. Жыл соңына дейін қолданыстағы ұйымдарды кеңейту арқылы тағы 49 мыңнан астам орын құрылады. Сонымен қатар жаңа тәрбиелік тәжірибелер де жолға қойылуда. Қыркүйектен бастап 100 балабақшада 12 мың баланы қамтитын адал еңбекке баулу бойынша пилоттық жоба жүзеге асады. Сондай-ақ «Бестен бұрын үлгер» бағдарламасы ата-аналарды қолдауға және баланың отбасында дамуын қамтамасыз етуге бағытталған.
      Қазақстандағы орта білім беру функционалдық сауаттылық пен ХХІ ғасыр дағдыларын дамытуға бағытталған, бұл елдің PISA халықаралық зерттеуінің үздік 50 елі қатарына енуіне ықпал етті.

     Қазақстандық оқушылардың жетістіктері таңдалған бағыттың дұрыстығын дәлелдейді. 2024–2025 оқу жылында халықаралық олимпиадаларға қатысқан әрбір екінші оқушы жүлдегер атанды. Қазақстандық оқушылар барлығы 34 халықаралық олимпиада мен байқауда 1000-нан астам медаль, оның 193-і алтын иеленді. 2025 жылы халықаралық жарыстарға қатысқан 31 оқушының 27-сі жүлдегер атанды. Ауыл оқушыларының талантын дамытуға ерекше назар аударылуда. Ауылдық мектептер арасындағы ІІ Республикалық олимпиада жеңімпаздарының саны он есеге артты.

15:09
306

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020