​Мерейлі отбасы – Қапбасовтар әулеті

Бүгін «Garden Hall» мейрамханасында «Мерейлі отбасы — 2025» ұлттық конкурсының облыстық кезеңінің жеңімпаздары марапатталды.

Биыл «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының басталғанына — 11 жыл. Конкурс 2014 жылдан бері жыл сайын өткізіліп келеді. Бұл жоба адами құндылық пен отбасы институтын қалыптастыруға, ұлттық тәрбие мен туыстық қарым-қатынасты дәріптеуге арналған.

Алғашқы сөз Ұлытау облысы әкімінің орынбасары Зина Ақылбековаға берілді.

-Өңіріміздегі байқаудың биыл бірінші кезеңіне 31 отбасы қатысты. Соның ішінде 5 отбасы облыстық кезеңге шықты. Бүгін алдарыңызда осы байқауда топ жарып, үздік шыққан отбасыларды марапаттайтын боламыз, — деді Зина Жұманазарқызы өзінің құттықтауында.

«Мерейлі отбасы» байқауының «Белсенді отбасы» аталымын жезқазғандық Таевтар отбасы иеленді.

Қаражал қаласынан қатысқан Оспановтар отбасы «Үлгілі отбасы» аталымына лайық деп танылды.

«Өнерлі отбасы» аталымын Ұлытау ауданынан қатысқан Есімсейітовтер отбасы еншіледі. Есімсейітовтер отбасы – Ұлытау ауданының «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсының аудандық кезеңінің жеңімпазы.

Қазылардың шешімімен «Берекелі шаңырақ» аталымына Бекешевтер отбасы лайық деп танылды. Бекешевтер отбасы – Сәтбаев қаласының «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсының қалалық кезеңінің жеңімпазы.

«Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының биылғы жеңімпазы – Қапбасовтар әулеті. Қадиша Қапбасова Жаңаарқа ауданы, Орынбай ауылының тұрғыны. Алтын алқа иегері. 8 бала тәрбиелеп, одан 21 немере, 21 шөбере сүйіп отыр. Жақып Қапбасов (өмірден өткен) – еңбек жолын бухгалтерлік жұмысқа арнаған. Зейнеткерлікке шыққан соң шаруа қожалығын құрып, округтің ауыл шаруашылығын дамытуға зор үлес қосқан.

«Атадан ұл туса игі, ата жолын қуса игі», — дейді халқымыз. Әулеттің ізгілікті жолын жалғастырған ұрпақ – ең мерейлі ұрпақ. Бұл кеште 5 әулет те марапаттан құр қалмады. Байқауда бақ сынаған әулеттердің барлығы да өңіріміздегі ең мерейлі отбасы, Ұлытау облысының мақтанышы. 

16:25
111

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020