ЖЫР КЕРУЕНІ – ЖАҢААРҚАДА

    Ұлы Абайдың 180 жылдық мерейтойы Ұлытау облысында өзіндік сән-салтанат, мән-мазмұнымен бастау алды. Ұлы Даланы дүбірге бөлеген жыр керуені кеше Жаңаарқа ауданына келді.


     Салтанатты сапар, келісті керуен, рухты жүздесу… Ұлы Абай мен сұңқар Сәкеннің рухтары табысқандай тамаша сәт…
Аманат арқалаған үркердей топтың маңызды мақсатқа ұмтылған салмақты сапары Сәкен Сейфуллин атындағы орталықтандырылған кітапханадағы кездесуге ұласты.

     Поэзия Пайғамбарының мәңгілік мұрасын жаңғыртуды және Абайдан қалған асыл қазынаны өскелең ұрпақ санасына сіңіруді көздеген керуен Жаңаарқаға ғана емес, мақсатына жетті!
Нияз батырдың қалқаны ұлттық рухты қатерден қорғап, Байдалы би кеңес өткізгендей әсерге бөлендік.              Қарауылтөбеден Алаштың Ақселеуі үн қатып, Жезқазғаннан келген керуенге Жаңаарқаның тумасы, ақберен ақын Сайлаухан Нәкенов ілесіп келгендей…
      Семейді серпілтіп, Жидебай мен Қарауылды дүбірге бөлеген Абай мерейтойы он күндігінің бір күні Сәкеннің «Біздің жақта» деп жырлаған қастерлі топырақта осындай мазмұнда сипат алды.
     «Абай керуенінің» сапары Қаражал қаласына бет алып, белден асып барады. Қимай қоштастық. Жігерімізге қанат бітіп, жүрегімізге асқақ сезім ұялады. Ұлы Даланы Абай рухы кезіп жүр!

Нұргүл ШАМАЕВА,

ulytaunews.kz сайтының әкімшісі.

14:03
182

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020