5 тамыз – республикалық медиация күні. Осыған орай, облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Бақытжан Жайлаубаевтың қолдауымен Ұлытау облысының өңірлік коммуникациялар қызметінде салтанатты жиын өтті.
Жиынға Ұлытау облыстық сотының судьясы Ғизатолла Отарұлы, судьялар Анар Альжанова, Гүлим Шілдебаева, «AMANAT» партиясының Ұлытау облыстық филиалының атқарушы хатшысы Ерлан Мырзабеков, облыстық прокуратура және полиция өкілдері, билер кеңесінің және аналар кеңесінің мүшелері, БАҚ өкілдері қатысты.
Модератор Ұлытау облысы бойынша халықаралық медиация дамыту орталығының бас медиаторы Жұлдыз Есмурзина болды.
Алғы сөз облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Бақытжан Жайлаубаевқа берілді.
Басқосуда дауды сотқа дейін жеткізбей шешу, қос тарап үшін де тиімді болатыны айтылды. Медиаторлардың айтуынша, азаматтар медиацияға негізінен отбасылық мәселелер, еңбек, әлеуметтік және тұрмыстық даулар бойынша жүгінеді. Медиация саласы мамандарының уақтылы көрсеткен кәсіби көмегі үлкен жанжалдардың туындауына жол бермейді.
Айта кетсек, 2025 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша 1660 іс ҚР бойынша медиацияны қолдана отырып аяқталған, 338 азаматтық іс өңірімізде медиацияның көмегімен шешілген, 233 іс медиативтік келісіммен реттелген.
Жиын соңында белсенді қатысушылар қоғамдағы диалог пен татуласу мәдениетін дамытуға қосқан үлестері үшін алғыс хаттармен марапатталды.