Кездесу барысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанға сапармен келген Бас хатшыға ризашылығын білдірді.
Мемлекет басшысы БҰҰ Бас Ассамблеясының 80-ші сессиясы қарсаңындағы тығыз жұмыс кестесіне қарамастан мәртебелі мейманның Алматыға арнайы келгенін атап өтті. Бұл сапардың еліміз үшін мәні зор әрі Ұйымның орнықты даму күн тәртібіне бейілдігін көрсетеді.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Орталық Азияда орнықты даму мақсаттарына арналған алғашқы орталықтың ашылуы – бүкіл аймақ үшін айтулы жетістік.
Антониу Гутерриш қонақжайлық танытқаны үшін ілтипатын жеткізіп, Қазақстанның халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға және орнықты даму мақсаттарын ілгерілетуге қосқан үлесіне ерекше тоқталды.
Кездесуде БҰҰ-ның Орталық Азия мен Ауғанстанға арналған орнықты даму мақсаттары жөніндегі өңірлік орталығы қызметінің перспективасы, Біріккен Ұлттар Ұйымын реформалау мәселесі, халықаралық және өңірлік күн тәртібі, сондай-ақ басқа да өзекті тақырыптар талқыланды.