С.Қожамқұлов атындағы Ұлытау облысының қазақ музыкалық-драма театрында І Республикалық Қойлыбай әулие атындағы «Қобызым – қоңырым» атты қобызшылар байқауы өтті.
Байқаудың негізгі мақсаты – қобызшы атанған аңыз адам Қойлыбай әулиені тәуіп, көріпкел, емшілік қасиетімен бірге қобызшы болғанын кеңінен насихаттау, жас ұрпақты қобыз өнеріне баулу, ұлттық аспаптар мен өнерді насихаттау, дарынды жастарды анықтау, өнерлерін дамыту және Ұлытау облысын Қазақстанның өзге аймақтарына осы өнер байқауы арқылы таныту.
Ашылу салтанатына арнайы қатысқан Ұлытау облысы әкімінің орынбасары Зина Ақылбекова құттықтау сөз сөйледі.
Байқаудың қазылар алқасының құрамында болған қонақтар: Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Базархан Қосбасаров, Республикалық композиторлар конкурсының бірнеше дүркін лауреаты, екі мәрте Гран-При иегері Ермұрат Үсенов, қобызшы, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері Байғара Садвакасов, ҚР «Мәдениет саласының үздігі» Саян Ақмолда, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Раушан Мұсаходжаева, ҚР «Мәдениет саласының үздігі» Ерлан Бақтыгерей және облыстық деңгейдегі «Үздік ұстаз» атағының иегері Жанқаш Жұмабеков.
Аталған байқауға Астана, Алматы, Талдықорған, Қарағанды қалаларынан және Жетісу, Ұлытау облыстарынан барлығы 12 қобызшы қатысып, өзара кіл мықтыда кім мықтыны анықтады.