2025 жыл Қазақстанда «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жарияланғаны – ел болашағы үшін маңызды әрі дер кезінде қабылданған шешім. Бұл бастама қоғамда жұмысшы мамандықтарына деген құрметті арттыруға, жастарды нақты еңбекке бейімдеуге үлкен мүмкіндік береді.
Бүгінгі таңда елімізде дәнекерлеуші, электрик, құрылысшы, токарь, механик сияқты техникалық мамандықтар тапшы. Ал осы маман иелері – зауыттарда, фабрикаларда, құрылыс алаңдарында, ауыл шаруашылығында елдің экономикасын алға жылжытатын негізгі күш. Оларсыз өндіріс тоқтайды, құрылыс жүрмейді, инженерлік жоспарлар іске аспайды. Сондықтан жұмысшы – қоғамның тірегі.
Жұмысшы мамандығын игеру – бұл оңай емес, бірақ өте қадірлі іс. Нағыз маман болу үшін тек қана білім емес, сонымен бірге тәжірибе, жауапкершілік, шеберлік керек. «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деген халық даналығы осының дәлелі.
«Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында мемлекет тарапынан техникалық және кәсіптік білім беруге көңіл бөлініп, колледждердің материалдық базасы жаңартылып жатыр. Жас мамандарды қолдау мақсатында шәкіртақы, жұмыс орындары, тәжірибеден өту мүмкіндіктері қарастырылуда. Бұл – жастардың осы салаларға деген қызығушылығын арттыруға бағытталған маңызды қадам.
Қорыта айтқанда, жұмысшы мамандықтарын дәріптеу – ұлттың болашағына салынған инвестиция. Біз өндірісті, ауыл шаруашылығын, инфрақұрылымды дамыту үшін білімді ғана емес, білікті де мамандарға мұқтажбыз. Сондықтан әрбір жас еңбекке ұмтылып, елге пайдасын тигізуге тырысса – еліміздің келешегі жарқын болмақ.
Ерлан Қонысбек.