Өндіріс саласында еселі еңбегі етіп, абыройы асып, мерейі тасыған Қалмекеевтер династиясын білмейтін адам кемде-кем шығар. Бұл әулеттің еңбек тарихы сонау Қарсақбайдан басталып, Жезқазғанмен жалғасын тауып жатыр. Ағайынды Тоқсанбай, Мыңбай ақсақалдардан өрбіген ұрпақтың дені орнын өндірістен тауып, абырой биігінде жүр. Атақты династияның еңбек өтілі екі ғасырдан асып жығылады. Солардың бірі — Жезқазған мыс зауытының еңбеккері, түстіметалл құюшы Назымбек Жүзбайұлы.
Назымбек 1972 жылы қарашаңырақ Қарсақбайда дүниеге келген. Әкесі Жүзбай Қалмекеев ұста болған, анасы Орынша Сойдохова сүт зауытында еңбек көрігін қыздырған. Назымбек 1989 жылы Талап ауылында он жылдық мектепті ойдағыдай тәмамдап, осы жердің ауыл шаруашылығы техникумына оқуға түседі. Кейін Отан алдындағы борышын өтеуге Ресейдің Алейск қаласына аттанады. Екі жыл бойы әскерде шыңдалып, елге аман-есен оралады. Бұла күші бойында тасыған жалындаған жігітке сеңделіп бос жүру жарасқан ба?! Екі қолға бір күрек іздей жүріп, еңбек жолын құрылыс саласынан бастайды. Бала кезінен еңбектің қазанында қайнаған отбасында тәлім-тәрбие алған Назымбек үшін жұмыстың ауыр-жеңілі болмайды. Қолайына келген тірліктің бәрін тиянақты түгендеп, шыңдала түседі. Табандылық пен тұрақтылыққа бейімделген ол бір орында табаны күректей 13 жыл еңбек етеді. Бірақ, қай жерде жұмыс істесе де, әйгілі әкелеріндей, ағаларындай металлург болу туралы арманы бір сәтке де аласарған емес. Ұзақ жылдар бойы табанды тірлікке төселген Назымбек ақыры Жезқазған мыс қорыту зауытына жұмысқа ауысады. 2008 жылдан бері метал цехында түстіметалл құюшы болып тер төгуде.
Отыз жылдан артық еңбек өтілінің соңында қаншама маңдай тер жатыр. Жасынан отбасында адалдық пен адамгершілік, ізгілік пен ілтипат турасында өрілген тәлімнің арқасында Назымбек Жүзбайұлы өмірден өз орнын таба білді. Еңбектің наны тәтті болатынын, тынбай тер төксең ғана төрге шығатынын түйсініп, қажырлы қарекеттен қашпады. Қандай да бір жаңа жұмысқа орналасқанда оның ішкі асханасын жетік білмейінше, орнығып кетуің де екіталай. Назымбектің қарым-қабілетін байқаған тәлімгері Берік Елемісов оның мықты маманға айналу жолында көп еңбек сіңірді. Білгенін асырып, білмегенін үйретіп, бар жиған тәлім-тәжірибесімен бөлісуден жалықпады. Қағілез маман да тәлімгердің айтқанынын бұлжытпай орындап, өз мамандығының жілігін шағып, маййын ішкен білікті еңбеккерге айналып шыға келді. Ең алғаш өзі жұмысқа орналасқанда ұйымшыл ұжымы қалай бауырына тартып, басынан сипаса, Назымбек Жүзбайұлы да өзінен кейінгі буынға сондай жанашырлық танытып, ағалық қамқорлық көрсете білді. Оның жарқын дәлелі өзі баптаған шәкірттері – Жасұлан Рахметов, Айдын Тілеуқабыл сынды білікті мамандар. Олар да Назымбек Жүзбайұлынан үйренгені көп екенін жасырмайды.
Металлургтер әулетінен шыққан Назымбек мамандықтан бөлек, жар таңдауда да жаңылыспаған жан. Келіншегі Мереке Молдағалиқызы Жезқазған байыту фабрикасында лобарант болып жұмыс істейді. Бақытын еселі еңбектен тапқан жарасымды жұп ұл-қыз тәрбиелеп өсіріп, өмір көшіне ілестірген. Ұлы Жәнібек тіс дәрігері болса, қызы Айым – есепші. Перзенттеріне тәлімді тәрбие берген Назымбек пен Мереке келешекте абыроймен зейнет жасына жетіп, немере жетектеп, шөберенің қолынан май жалауды қалайды.
Қашанда адал еңбек ырысыңды еселейді, берекеңді арттырады. Адалдықтың жолынан ауытқымай, біртоға болмыспен, қарапайым қалпыңмен қоңыр тірлік кешкенге не жетсін?! Назымбек Жүзбайұлының ұзақ жылғы еңбегі өтеусіз емес. Оның өндріске етене араласа жүріп, әр жылдары еншілеген ірілі-ұсақты марапаттары жетерлік. Еңбектегі толайым табыс, құрмет-қошамет кез келген адамды жігерлендіреді, құлшынысын арттырады, жетістігін еселей түседі. Алайда, еңбекпен есейген ол мақтау-марапаттан гөрі айналасының алғысын бәрінен биік қояды. Елдің амандығы, жұрттың тыныштығы, ұрпағының жақсылығы ол үшін бәрінен қымбат. Өзі тәрбиелеген ұрпағы білім шыңына шығып, елдің дамуы жолында адал қызмет етсе, бар еңбектің өтеуі сол, ¬¬- дейді ол. Құдай ғұмыр берсе, Назымбек аға жарымен бірге немере-шөбереге өсиет-өнегесін сіңіруге әзір. Ақиқатында, шынайы бақыт деген осы емес пе?!
Меруерт Наурызбай.