Ұлытаулық жолшылар тазалыққа үлес қосты

     Экологиялық ахуалды жақсартуды және шаһардың санитарлық тазалығын жолға қою мақсатында жезқазғандықтар бір үйдің баласындай кетпен-күрегін сайлап, жалпықалалық сенбілікке қатысты.                  Қаладағы мекеме, кәсіпорын басқа да ұйымдар бірліктің үлгісін танытып, айналаны күл-қоқыстан арылтуға ат салысты. Ортақ іске жұмылғандар қатарында «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» Ұлытау облыстық филиалының ұйымшыл ұжымы да бар. 

     Тазалық бейсенбіліктері болсын, сенбілік дейсіз бе, аталмыш ұжым тазалық жұмыстарынан шет қалған емес. Республикалық «Таза Қазақстан» акциясы аясында өткізілген шаһарды абаттандыру, көгалдандыру жұмыстарына белсене ат салысып, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаруға тырысты. Осы жолғы жалпықалалық сенбілікте де «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» Ұлытау облыстық филиалының ұжымы өздеріне бекітілген аумақты ретке келтіріп, көз қуантарлық жағдайға әкелді. Тазалық тәртіптен басталатынын ескерсек, шаһардың шырайын келтірудегі қадамды әр адам өзінен бастауы керек. Қоршаған ортаға сүйіспеншілікпен қарап, ортақ үйдің экологиялық жағдайының жақсаруына бір кісідей мүдделі болсақ, айналамыз жаңарып, жанданып, көңіліңде көктем орнайтыны айтпаса да түсінікті. Бірлік пен берекеге ұйысқан ұжымның бұл бағыттағы ұстанымы осыған саяды. 

12:55
115

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020